Спорт

Юсуп Батырмұрзаев Токио Олимпиадасына жолдама алды

Күрес түрлерінен Азия іріктеу турнирінде облыс намысын қорғаған Юсуп Батырмұрзаев чемпион атанып, Олимпиада жолдамасын еншіледі.

Еркін стильде ерлер арасында 125 келіде күрескен Юсуп Батырмұрзаев жартылай финалда Үндістан елінің палуанымен кездесті. Белдесу 2:0 есебімен аяқталып, Юсуп финалға шықты.

Әрине, белдесу қиын болды. Дегенмен боз кілемде барлығын бақылауда ұстауға тырыстым. Еңбегім еш кетпеді. Үндістандық палуанмен осыдан бір ай бұрын Италия жерінде өткен турнирде күрестім. Ол кездесуде 10:0 есебімен жеңген едім. Бұл жолы жақсы дайындықпен келіпті, — дейді Юсуп Батырмурзаев.

Юсуп финалда Моңғолия елінің спортшысы Лхагвагерелем Мунхтуромен күш сынасты. Белдесу соңғы секундтарға дейін тартысты өтті. Боз кілемде сенімді түрде күрескен ақтөбелік палуан 4:2 есебімен Азия іріктеу турнирінде чемпион болды.

— Жарыс өз жерімізде өткендіктен Ақтөбе жұртын алтын медальмен қуантқым келді. Сол мақсатым орындалды. Маған сенім артып, қолдаған жандарға алғысымды білдіремін. Ең алдымен, бапкерлер құрамына көп рақмет. 

Лицензия бізде. Енді жылдың ең маңызды жарысы — Токио Олимпиадасына дайындаламыз, — дейді палуан.

Юсуп Батырмұрзаев 1996 жылдың 13 сәуірінде дүниеге келген. 2020 жылы Азия чемпионатында топ жарған спортшы.

Айта кетейік, бұл — қазақстандық еркін күрес шеберлерінің бесінші жолдамасы.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button